Өлеңдер ✍️

  14.06.2022
  124


Автор: Кәкімбек Салықов

ЖАМБЫЛ АТА, КЕРЕКСІҢ ОСЫНДАЙДА

Терең толғап, толассыз ағындадым,
Дауыл кешкен алмай тұр дамыл жаным.
Қара қылды қақ жарып, тік сілтесем,
Жамбыл ата, қолдасың аруағың!
Елді малсыз тастардай таза тақыр,
Бас көтертпей аш нарық бара жатыр.
Ауыр күні ауылдың күңірентіп,
Таңдай қағып, талықсып дала жатыр.
Еркеленіп, жол кесіп тұра қалмай,
Тұз күйдіріп табанын сынағандай,
Жүйткіп өтті жезкиік мұңға малған
Мойыл көзі мөлт етіп жылағандай.
Алапатқа сезгендей жолығарын,
Арал қайтсін іш тартпай... соры қалың.
Беу, адамзат! Көрсеңші, көз алдыңда
Құм жатқандай жоғалды лағыл ағын.
Әму мен Сыр адасты сағасынан,
Ауыл көшті «Ақ шөлдің» арасынан.
Осындайда көксейміз, Жамбыл ата,
Зор даусыңды адамға жаны ашыған.
Жүз жасыңда көтерсең өлеңді өрге,
Нұр шашып ең күрт қайғы, терең шерге.
Бүгін ауыл тұрғыны келеді ұқсап
Ленинградтық тым жүдеу «өрендерге».
Әлемге әйгі еске алып дабылыңды,
Арып-тозған ауылдар сағынулы.
Қысқа қолым күрмеуге келмеген соң,
Болдық, Жәке, долларға бағынулы.
Дерт секілді арсыздық ұрық шашып,
Өрт қаулады көп сұмдық тұйықтасып.
Кей ақын жүр төремен әмпайласып,
Көп ақын жүр тіл қатпай күйі қашып.
Атағы ма, ақшасы, шекпені ме...
Кей ақын мәз өз қолы жеткеніне.
Пайдакүнем бастығын өле мақтап,
«Жаның ашыр» көз жасын төккеніне.
Коммерсанттық жылы орын сайлап алып,
Кей «дөкей» жүр төр жақта айлаланып.
Талапайдың тал түсте бетін ашар
Бір Жамбылдың керегі айдан анық.
Елдің шеті түскендей тосын жайға,
Қайыршыны көріп жан шошынбай ма?
Алатауды жаңғыртып ашық айтар,
Жамбыл ата, керексің осындайда!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу