Өлеңдер ✍️

  14.06.2022
  98


Автор: Кәкімбек Салықов

КҮЗГІ ШУАҚ

Жүрегім, енді тыным аласың ба,
Әлде бір тың әуреге саласың ба?
Шаршатқан шартараптан әрең жеттім
Аңсатқан Сарыарқаның даласына.
Балқып тұр кербез Көкше белестері,
Айнакөл ашық жатыр, жел еспеді.
Айдында аққу-қаздар саңқыл қақса,
Мектептес қыздар көзге елестеді.
Жасымда ердім, тағдыр, жетегіңе,
Қой, енді қарайлатпа кешегіме.
Кен қазып, жыр төгілтіп жеттім есен
Туған жер – Жалғызтаудың етегіне.
Жанымның таптым дәру жарасына,
Қарсы алды көк Есілдің жағасы да.
Күзгі орман жасауы бай қалыңдықтай,
Сыймай тұр екі көздің шарасына.
Ақ марал ере тартты баласына,
Ақ киік кетті тоғай арасына.
Бүйірін қыздырып тұр үйір жылқы,
Қазақтың көрік берген даласына.
Көрдім-ау қызыл-сары ой-қырымды,
Аққу-қаз өтті төгіп жойқын үнді.
Алыстан қол сілтесе сал Сырымбет,
Саумалкөл, сағындым ғой толқыныңды.
Жаз өтті, күз жарықтық сараңданды,
Шабыс жоқ, баяу жортақ, аяң қалды.
Ну орман жапырағы түсіп жатыр,
Бәйбішем, сенің ғана саяң қалды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу