Өлеңдер ✍️

  14.06.2022
  129


Автор: Кәкімбек Салықов

АСТАНА, ТУҒАН ЕЛДІҢ АЖАРЫСЫҢ

Астана, жаңа өмірдің айбынысың,
Ел үшін айқын үлгі барлық ісің.
Салғандай алтын ұя «Бәйтерекке»,
Самұрық боп құтты қанат жайды құсың.
Естісек дабылыңнан мазалы үнді,
Астана, көрдік талай ғажабыңды.
Атанған «аңыз қала» құтты төрім,
Жол бастап, заулата бер қазағымды.
Құлпыртып келбетінде жанған нұрды,
Көз тоймас ғимараттар таңғалдырды.
Сұлулық сені қатты құшқан сайын
Құлшынып, алға басып, ел жаңғырды.
Астана, аз уақытта табысың бай,
Қарқының Құлагердің шабысындай.
Әлемге асау мінез сен көрсеттің,
Бұлқынған Еуразия барысындай.
Жас қала, аққудайсың көлімдегі,
Есіп тұр әр көшеңнен өмір лебі.
Астана, туған елдің ажарысың,
Ақорда кепіл болған төрімдегі.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу