Өлеңдер ✍️

  14.06.2022
  115


Автор: Кәкімбек Салықов

БІЗ КІМБІЗ ДЕСЕҢ...

Біз кімбіз десең –
Құс қанатты қазақпыз.
Сан қырғыннан есен қалған ғажаппыз.
Арғы тегің кім десең де айтайын,
Сақтан шыққан қажырлы ел – хас сақпыз.
Башқұрт, ноғай, қарақалпақ, татарлар,
Қазақ, қырғыз –
Алты Алаш деген атау бар.
Қап тауының бөктерін де игердік,
Әзірбайжан жерінде де
«Қазақ» деген атау бар.
Сақ нәсілді, түркі тектес тайпалар,
Бас қосқаны – түбірім деп айтылар.
Дешті Қыпшақ, Үйсін, Қаңлы құраған
Біз қазақпыз жеңбей тынбас салты бар.
Еділ-Донның жағасын да жайладық,
Болдық көнбіс, тез көшуге сай халық.
Қалмақтарды қансоқта етіп жеңсек те,
Орыс қаптап, іште дертті байладық.
Кеңестің де кесіріне кезіктік,
Алаш болып азаттықты тез ұқтық.
Желтоқсанның дабылынан нәр алдық,
Бостандыққа екі қолды созып тік.
Тәуелсіздік Отаныма орнады,
Одақ құлап, тағдыр бізді қолдады.
Сүрініп кетсек, тіріліп кеттік талай сан,
Ұмытылмас шеккен зардың толғағы.
Біз кімбіз десең –
Қажу білмес хас сақпыз,
Абылайлап бақыт жолын бастаппыз.
Қырғын-сүргін кешіп өтіп көнесін,
Ата-баба кегін алған қазақпыз.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу