Өлеңдер ✍️

  14.06.2022
  112


Автор: Кәкімбек Салықов

МАРАТ ЖАРКЕНОВКЕ ЕСКЕРТКІШ

Кербез, маңғаз, сымбатты, қыран қабақ,
Сәкенге ұқсап анадан туған Марат.
Күміс күлкің, нұр жүзің естен кетпес,
Оқжетпестей сәнді еді тұлғаң ғажап.
Бесігіңде бөлесе сүйкімділік,
Сүйкімді боп жер бастың, сылқым жігіт.
Кенші өмірің бастады тайталасқа,
Құлагердей шабысқа ұмтылдырып.
Қорғалжынның тусаң да маңайында,
Жезқазғанның кең өстің арайында.
Ұлытаудың ең сұлу қызын алып,
Сайран кештің махаббат сарайында.
Саған сыйлы сұлу ән, күй дегенің,
Естелігің ашты өнер тың белеңін.
Қызық еді-ау ән шырқап Күләшіңмен,
Қос аққудай бой жазып билегенің.
Кеншіліктің сан қырлы ашып сырын,
Шартарапқа жайнады ашық нұрың.
Біршілікке ақ тілек бастай білген,
Тіршілікке мол еді ғашықтығың.
Талабыңа дос-жаран таңдай қақты,
Алатауға атағың самғай тартты.
Бас инженер болғаның мысты алыпқа
Шәкірті етті Қаныштың жас қайратты.
Ұлытауға бой жазса арналы ісің,
Атамекен Есілдің ардағысың.
Ғалым, ұстаз, мемлекет қайраткері,
Кеншіліктің самғауық саңлағысың.
Ар-намысқа арнасаң дер күшіңді,
Атағыңа топ жарған ел түсінді.
Арманыңа жетсең де ерте кеттің,
Бүгін атап отырмыз жетпісіңді.
Ел алдында жоғалмас тұлғаң нардай,
Болашаққа жетесің көштен қалмай.
Жезқазған мен Алматы ұмытпайды,
Шаңырағың шалқып тұр өзің бардай.
Ұлдарыңның шатыққа қосы толсын,
Құт-береке әулетке қоңсы қонсын!
Іні болып ірілік білдіріп ең,
Ескерткішім өзіңе осы болсын!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу