Өлеңдер ✍️

  14.06.2022
  201


Автор: Кәкімбек Салықов

СӘКЕН СЕЙФУЛЛИННІҢ ЕСКЕРТКІШІН АШҚАНДА

Ақындардың ақсұңқары деген сөз –
Самұрық құстай самғап ұшқан ерен кез.
Сәкен ағам сондай еді дауылпаз,
Көкірегіне ұялаған терең сөз.
Дәл келсе де басқа теңеу қаншасы,
Дөп түссе де өзге ырғақ тақтасы,
Сәкен деген – ұлы тұлға, кемеңгер,
Ақындықтың бір заманғы патшасы.
Парасат пен бекзаттыққа керегін
Біледі Алла қай дүлдүлге берерін:
Ол – мейірбан, қолдап өткен Мағжанды,
Мұңдас, сырлас, жоғары ұстап беделін.
Тар кезеңде ыза кернеп булыққан,
Таймай өтті ұлтын ойлар шындықтан.
Әлі күнге шошынамыз селк етіп,
Ақындарды оққа қиған сұмдықтан.
Жарқыратар Жезқазғанның ажарын,
Көріп тұрмыз ескерткіштің ғажабын.
Құттықтаңдар, Қарағанды, Жаңаарқа,
Бізге қосыл бүгін, бүкіл қазағым!
Ақсұңқарға көз салмады қандай қыз,
Тойлы күні ол жаққа көп бармаймыз.
«Тау ішінде» салған әнін қайталап,
Асыл жанмен жүрек қылын жалғаймыз.
Жайна, құлпыр, ескерткіші арыстың,
Қол жалғадың мүсінімен Қаныштың.
Аруақтарың риза болсын, қос дана,
Ұлытаудың етегінде табыстың!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу