Өлеңдер ✍️

  14.06.2022
  107


Автор: Кәкімбек Салықов

ЖАСАМПАЗДЫҚ – АДАМНЫҢ АСЫЛДЫҒЫ

(Қайыржан Мәдиевке)
Ұлылар айтып кетсе шарықтап сыр,
Бақыт екен қол созу жарыққа бір.
Адамның адамдығы – жасампаздық,
Төгіп тұр сәулесімен халыққа нұр.
Тәж-Махалға қарашы Үндідегі,
Өнерпаздық үлгісін білдіреді.
Жеті түрлі әлемдік ғаламатты
Жасағандар ерекше білгір еді.
Құбылыс – Иасауидің хикметтері,
Адалдықты көксейді мұң мен шері.
Гете, Пушкин, Толстойды жалғап өткен,
Жасампаздық Абай да кемеңгері.
Құрманғазы, Тәттімбет құйындатты,
Домбырамен қайран ел мұңын шақты.
Қоңыр боздақ қобызбен Қорқыт Ата
Жасампаздық тұз-дәмін бұрын татты.
«Қазақ тілі» кітабы жар салдырды,
Ахмет аға білімді қарсы алдырды.
«Педагогика» ғылымын Мағжан бастап,
«Алгебрамен» жас Қаныш тамсандырды.
Жалау етіп солардай ғаламатты,
Қайыржан інім, молайттың аманатты.
Құтты болсын ұстаздық ұлы еңбегің,
Жас ұрпаққа паш еткен парасатты!
Билік қостап, қарсы алды қоғам бүгін,
Жолы болды көп жылғы жоралғының.
Аққу қала – Астана азаматы,
Жасампаздық жаршысы бола білдің.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу