Өлеңдер ✍️

  14.06.2022
  103


Автор: Кәкімбек Салықов

МАНАШТАЙ АДАЛ ДОС ҚАЙДА?!

Тобылға жеттім толғанып,
Лүпілін жүрек қолға алып.
Манаштай адал досты ойлап,
Сағыныш кетті молданып.
Айданда құстар шулайды,
Қаңқыл мен саңқыл тынбайды.Оралған құстар қуантса,
Оралмай досың қинайды.
Мінезін жаным қолдайды,
Жолыма меже жолдайды.
Жүз досым тірі жүрсе де,
Манаштай бірі болмайды.
Тұлпары шалқар даланың,
Таңдантып өтті заманын.
«Ермакты» «Ақсу» етудің
Ақылмен тапты амалын.
Талай жыл қалған қапталып,
Кең ашты терең ақтарып,
Ақтаңдақ жерін тарихтың
Қалардай мәңгі жатталып.
Аптығын басар есердің,
Үздігі болды-ау шешеннің.
Арманы қонды бойына
Ахметтей дана көсемнің.
Жағаңа, Тобыл, қонайын,
Аймақты жырға орайын.
Аңсатқан асыл досымды
Бір көргендей болайын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу