Өлеңдер ✍️

  14.06.2022
  100


Автор: Кәкімбек Салықов

САҒАН СЕНДІМ

(Ұлым Ерланға)
Елу бес жас құтты болсын, Ереке!
Алла берген сенсің маған береке.
Сен туғанда ата-анаңа болмады
Тап осынау күннен артық мереке.
Құттықтаулар көші сәтті құралды,
Ақ тілектер ағыл-тегіл шұбалды.
Үлкен қызы ұл тапқанда
Өзгеден
Бұрынырақ әжең қатты қуанды.
Ерлан деген ат қойып та жар салдық,
Шампан-бұрқақ салютімен қарсы алдық.
Сал домбыра қолдап қоңыр күмбірі,
Бар ағайын, кенші достар ән салдық.
Саған сендім – аспанда күн тұтылса,
Саған сендім – кейде жүрек қысылса.
Жезқазғанда сенің барың – бақытым,
Тағдыр мені тым алысқа ұшырса.
Шахталарда тау қопарған қазанат,
Еңбегің зор етсек біздер қанағат.
«Кенші-ақынның» кенші болу баласы
Етті сені жезқазғандық азамат.
Маған қуат сол сыпайы атағың,
Сыйлап өтсін кенші қауым-қатарың.
Үзілмесін Жаратқанның рахматы,
Бақытты бол – үлкені осы батаның!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу