Өлеңдер ✍️

  14.06.2022
  111


Автор: Кәкімбек Салықов

АҒАЛЫҚ АҚ ТІЛЕГІМ

(Марат Кенжеғозинге)
Мақтау күтпе бүгін менен, Маратым,
Мақтан етем бар деп берік қанатым.
Мықты екенсің,
Қол ұстасып, бірлесіп,
Қан майданда барлауға да баратын.
Асыл ұлсың туған біздің халықтан,
Мінезінде көп жақсылық бар ұққан.
Алатауда алшаң басып жүрсең де,
Кінәрат жоқ інілікке жалыққан.
Сәлем берсең аға сыйлап иіліп,
Мен қуандым табылғандай тың ілік.
Кісіліктің бар байлығы мінезде,
Кішіліктен басталады ірілік.
«Жілік алмақ – мінезінен баланың...»
Деген сөзден бастау тапты бар әнім.
Евней аға секілді нар жігітсің,
Байқағанға құтты боп жүр қадамың.
Өлеңдетсем 60 жылдық тойыңда,
Сау қайыңдай сымбат та бар бойыңда.
Ерке Есілдей еркін жүріп келесің,
Қыз нарықтың жүгін артып мойынға.
Ғалым болсаң, мен сүйетін ғұрпың көп,
Ақ жүрегің лүпілдеп тұр ұлтым деп.
Үлесің сол, күресің сол, өмірде
Сейілте алсаң тар кезеңнің бұлтын көп.
Салсаң құрық қызыл түлкі нарыққа,
Сақ қырандай алпысыңда шарықта.
Реформалар «Макросын» алып ең,
«Микросы» да керек боп тұр халыққа.
Сан қиындық қаулап тұрса легі,
Мызғымасын сендей елдің тірегі.
Тығырықта себің тисін тезірек,
Осы деп біл саған аға тілегі.
Елдің жайы – бар түйіні сөзімнің,
Онсыз қалай, қашан жеңіл көз ілдім?
Мен сендерді аз қамшылап келемін,
Бір мінімді айта кетсем өзімнің.
Тыңдап тұр ғой Есіл, Ертіс, Іле де,
Ақиқаттан басқаны олар біле ме?!
Тар кезеңнен есен өтіп алғанша
Марапаттау, мақтау, бөсу тілеме.
Бөсе берсін шен сайратқан есерлер,
Бөсе берсін шалапотный «көсемдер».
Тайғақ жолда тартпасын де етектен
Ел талағыш, құлқыны кең кеселдер.
Мінезім жоқ той үстінде мін айтар,
Ақ тілек қой қарқыныңды тыңайтар.
Күлдірмедім, арманымды білдірдім,
Қадау сөзді мен айтпасам кім айтар?
Қадаулатып жетіп қалса алпысың,
Шаңқай шырқау осы деп біл тал түсің.
Өрлеу жолда өкпең талмай өршелен,
Нарық жолы салтын түзер парқы үшін.
Той басталды, шақырып тұр би алаң,
Алпысыңды кең жайлап жүр бұл ағаң.
Келіншекшіл көп сырымды айтар ем,
Әттең, шіркін, келіндерден ұялам.
Беу, ағайын!
Көтерейік шарапты,
Той дүбірі бойға қызу таратты.
Бағы жансын!
Жетер шыңы көп болсын!
Алпысымен құттықтайық Маратты!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу