Өлеңдер ✍️

  14.06.2022
  77


Автор: Кәкімбек Салықов

МӘСКЕУДЕ КӨРГЕН ҚЫЗДАР-АЙ!

Қыз дегенде қызылшыл бой қызады,
Ұялшақтық әуресін жойғызады.
Бірге оқыған Мәскеуде,
Беу, қыздар-ай!
Мың қызыққа әр есім тойғызады.
Ұзын құлақ хабары демес бірің,
Ашық айтам бүгінгі кеңес сырын.
Бірге оқыған Мәскеуде Жұмагүлді
Келіп қалды жетпіске деп естідім.
Сұлуларды өзімше сыйлай білдім,
Әнін таптым сағыншақ сырнай-жырдың.
Жыл басында өзім де жетіп қалған,
Жұмагүлді жетпіске қимай тұрмын.
Сенбеске де бұл адам сенеді екен,
Тұла бойым дір етіп, елең етем.
Тап осыны, ой, Аллай-ай, кім ойлапты,
Қыздар-дағы жетпіске келеді екен.
Раушан, Күләш, Қабиба тежемесін,
Жаутаңдап тұр алдымда нелер есім.
Өз қызы ғой Оралдың деп қаламын
Қасына ертіп әкелген немересін.
Айткүл, Роза құлағын елеңдетем,
Ақсұлуды қалайша көрем бөтен?
Мәриямға да Мәскеуде ғашық болдым,
Ақылды қыз өзі іздеп келеді екен.
Беу, Жұмагүл, ағайын тыңдасын сыр,
Әрі жеңгем, сен әрі құрдасымсың.
Бұл жетпістен шошыма, өзгеріс жоқ,
Көз көрді ғой, жүрегің бір басылсын.
Сәтті егделік ашылсын жасыл шамы,
Есен болсын жан жарың қасыңдағы.
Құтты болсын жетпіс жас!
Беу, құрдасым!
Тіршіліктің ең қымбат асыл шағы!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу