Өлеңдер ✍️

  14.06.2022
  100


Автор: Кәкімбек Салықов

ОРТАҚ АҒА

(Евней Бөкетовке)
Тәттімбет сыйлағандай Құнанбайды,
Мен неге іздей берем Тұманбайды?
Танытқан кенші-ақынды Алатауға
Шабытым оны айтқанда шығандайды.
Шахтаның таныстырса тар алаңы,
Ақындық миуа төкті саябағы.
«Дұрыс, – деп, – осыларың...» – қошеметтеп,
Евней екеумізді аялады.
Құдайым үйір етсе тасқа мені,
Айтайын өнеге етіп басқа нені?
Жезқазған, Алматымен тұрағымыз,
Біз үшін Қарағанды астана еді.
Кездескен әр мезетті толымды етті,
Сан жылдар сыйластықтың жолында өтті.
Ардақтап айтып жүрер арттағыға,
Евней ортақ аға болып кетті.
Шек қоймай бар уақытын бөлетұғын,
Қозғайтын көркем сөздің көне түбін.
«Ал, кеттік...» десек, бірге маймаң басып,
Нар тұлға қос дөненге еретұғын.
Әмбебап үлгі-өнеге салты ұнаған,
Бауырмал мінезі жоқ шарпымаған.
Ағаның ақ жайлауын әнге бөлеп,
Күн қайда қазақ жырын талқылаған?!
Қандық қой талай ғажап сөз-тұмарға,
Ол жылдар өтті ұқсап көк мұнарға.
Үшеуміз жайраң қағып отырған сәт
Соңыра бір жарқ етер көз жұмарда.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу