Өлеңдер ✍️

  14.06.2022
  190


Автор: Кәкімбек Салықов

ӨМІРДЕН ҒАБЕҢ ОЗҒАНДА

Қазақтың көзін жұмды бір данасы,
Көңілдің дүр сілкінді зілзаласы.
Тыңдашы мұң-зарымды, Әмудария,
Сұм жалған белгілі ғой тыңдамасы.
Сыңсыған сыршыл дария толқындары,
Қаза боп аза бойы солқылдады.
Ішімнен сонда ақырын дей беріппін:
«Қазақтың кетіп жатыр жойқындары...»
Дүлдүлсің, Ғабит аға, сөз дегенде,
Зергерлік сарай салды өз кемеңде.
«Алыптар тобындағы» тарлан едің,
Атқаның тура тиер көздегенге.
Тарихтың үздік туған кезеңісің,
Пәк мінез қорғай білдің сөз өрісін.
Ұшан су дүркіреген деп айтпаймын,
Көркем сөз кең құлашты өзенісің.
Құйттамай күйкі заман жалтарысын,
Арнадың асыл сөзге жан табысын.
Қазақтың әдебиет әлемінде
Жарқырап жатар айдын-шалқарысың.
Кең дала сүйдің сұңқар бүркіттерін,
Сырғақтап әлдекімше сыр бүкпедің.
Есілде Есенейдей нояндардың
Паш еттің хан төрені үркіткенін.
Зор тұлғаң ер атанған дараланды,
Игердің әр белесте жаңа алаңды.
«Оянған өлкең» шыңға алып шықса,
«Ұлпаның» елден ерек бағаланды.
Бірі едің сөз сайыста жан салмастың,
Қайтейін, бәрін тізіп тауыса алмаспын.
Өмірден өлместікке сапар шексең,
Ел тойлар туар талай ақсарбас күн.
Қалайша ас пен тойдан кеш қалам деп,
Мен сонда ұмтылармын сөз алам деп.
Мерейің үстем болсын, кербез дана,
Төс қағып мақтанармын өз ағам деп.
Хош, аға! Атағың зор өмір кештің,
Көзімді сүртпей жазған сөзім жетсін.
Бір кезде «Ұларымды»ұнатып ең,
Ұшқан құс топырағыңды жеңілдетсін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу