Өлеңдер ✍️

  14.06.2022
  92


Автор: Кәкімбек Салықов

СЫРЫМБЕТТІҢ САНДУҒАШЫ

Жасында Сырымбетті әнге бөлеп,
Бұлбұл қыз, даңқың асқақ, өстің ерек.
Шырқасаң сандуғаштай «Сырғақтыны»,
Қосылып домбырамен еттім көмек.
Алқа топ елтіп-балқып естен танған,
Ақтұйғын бозбалалар еткен арман.
Ақтоты оралғандай туған елге,
Алыстан елестейді өткен жалған.
Сандуғаш талға қонған торғай едің,
Табушы ең талай әннің талмай ебін.
Үміттің жанған отын сөндірместей,
Арнауым қамыққанда болғай емің.
Барудың ауыл жаққа реті келмей,
Тебірендім көптен бері сені көрмей.
Сайрадың сандуғаштай шырт ұйқыда,
Дауысың түнгі аспанда ерігендей.
Селк етіп, қаламымды қолыма алдым,
Өлеңмен пәк сағыныш жолын салдым.
Шіркін-ай, әндетер ем алғыс айтып,
Туса егер тағы да бір жолығар күн.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу