Өлеңдер ✍️

  14.06.2022
  98


Автор: Кәкімбек Салықов

АСЫҚПАЙЫН

Сан жығылып тұрдым ғой,
Жасытпайын,
Ғашықтайын қалай жыр тасытпайын?
Жүрегім-ай, дабылың жанға батты,
Сабыр етші, кетуге асықпайын.
Кенші болып қазып ем керегімді,
Балғын күннен ақындық ере білді.
Асықпайын...
Әлі де машықтайын,
Жөнге салып кетейін өлеңімді.
Өмір талай шақырды асығысқа,
Білгені ғой болғанын заты қысқа.
Асықпайын...
Аққушыл әндерімді
Кім ұқсатар аттансам қапылыста?
Беу, ағайын!
Осының бәрі рас қой,
Алтын тойым – тақады біздің Бас той.
Немерелер артымда тебірентеді,
Асықпайын...
Бүлдіршін әлі жас қой.
Әспеттеймін әулетім, жанұямды,
Кемем берік күзеткен дариямды.
Асықпайын...
Сұлулық патшасындай
Қуантайын көбірек Мәриямды.
Көп айтты деп сөкпеңдер өз халімді,
Өткізбеп ем ел-жұртсыз босқа күнді.
Асықпайын...
Сыйлайын сұхбаттасып,
Аға, іні, ардақты достарымды.
Сағынамын Мұсадай бауырымды,
Ерте әкетті сұм ажал тәуірімді.
Асықпайын...
Кездесіп қуантайын,
Аунап-қунап аралап ауылымды.
Ұмытпайын бой тартқыш жылу барын,
Тәттісін де, бал, ләззат шын уларын.
Асықпайын...
Көрейін әлденеше
Сырымбеттің жан жетпес сұлуларын.
Аулақ ажал, саған да зіл түйейін,
Шырқау шақта шыр бұзбай шын күлейін.
Асықпайын...
Сарыарқа самалында
Жанарына жезкиік бір күйейін.
Егде күнде жан толқып үдегенім,
Батты кейде, кең далам, жүдегенің.
Асықпайын...
Көрейін дербес елім
Қанат жайып, шарықтап түлегенін.
Қанып жүрмін ұл-қыздың қызығына,
Болды оларға әкенің ізі мұра.
Асықпайын...
Тірлікті базарлайын
Жеткізгенше сұм жалған сызығына.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу