Өлеңдер ✍️

  14.06.2022
  86


Автор: Кәкімбек Салықов

ҮМІТБАЙ АҒАМНЫҢ АЙТҚАНЫ

Ішкендер бірдеме ұғып жүр,
Жегендер тымпиып бұғып жүр.
Мен жебір емеспін,
Ішкенім шер болып шығып жүр.
Шын ғашық өткенді барлайды,
Жадында жатыр ғой бар қайғы.
Ей, қалқа! Бір көрген ғажап ең,
Басқаға бұл досың бармайды.
Сілтедім шығарда құздарға,
Қызулық бастады бізді алға.
Алматы, ыстықсың, ғашықпын,
Өзге емес, тек ақын қыздарға.
Желмінез, ұмытшақ ағайын,
Мен емес жасқантар маңайын.
Мәскеуде кездескен күндер-ай,
Ақын қыз, аңсатты арайың.
Ішемін, ішемін, жемеймін,
Өзің біл, сәулем-ай, не деймін?
Тіліңнен мен шырын ішіп ем,
Жұтымын зәмзәмға теңеймін.
Келбетің алдымда тұрады,
Жер беті салтанат құрады.
Тіліңнің шәрбаты аңсатып,
Тағы да ішкім кеп тұрады.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу