Өлеңдер ✍️

  14.06.2022
  612


Автор: Кәкімбек Салықов

ЖЕЗКИІК

Жез қанат, күміс бауыр киік көрдім,
Дәруі сол ма дерсің күйік-шердің.
Жез марал жүреді екен арасында
Қаптаған Бетпақтағы киіктердің.
Жезкиік, біздің жаққа қалай келдің?
Жолымды тіке кесіп жанай бердің.
Адамның көздеріндей екі көзің,
Япырмай, дәтім шыдап қалай көрдім?
Дәл саған құрмап еді торды ешкім,
Ғайыптан душар болдың, сорды кештің.
Жан едім мен де сертшіл далада өскен,
Сен-дағы жалтармадың, жолды кестің.
Асықпа, көрейінші жөндеп қана,
Кетпесін жаңа тиген меңдеп жара.
Ет кесіп өз етімнен берсем-дағы,
Жөніңе жіберейін емдеп қана...
Дедім де қоя бердім, ұстамадым.
Қасымда қал демедім, қыстамадым.
Тілеймін суық жақтан есен қайтып,
Жылы құм мекенінде қыстағанын.
Түс тербеп жаздың мөлдір қысқа таңын,
Тұзақтап жезкиікті ұстатамын.
Баяғы қызыл ішік киген қызға
Жез қамзол сол киікті ұқсатамын.
Құмарым қайта көріп қанар ма екен,
Әл бітіп, салқын жүрек жанар ма екен?
Болмаса суық қолды бір сұм мерген
Дәл көздеп, киікті атып алар ма екен?
Сұлуды адам жаны қимайды екен,
Беймезгіл еске түсіп қинайды екен.
Жезкиік, cені аңсаған кездерімде
Бір өзім кең далама сыймай кетем.
Бір өзім Сарыарқама сыймай кетем.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу