Өлеңдер ✍️

  14.06.2022
  112


Автор: Кәкімбек Салықов

КӨҢІЛІМ

Тасқын едім, шалқыған тұнық та едім,
Осы күні көңілім сынық менің.
Беу, тағдырым!
Бір тыным бермедің ғой,
Сүріндірсең, сыр бермей тұрып та едім.
Арпалысқа үйірмін құлын күннен,
Кейде алмасып кетеді күнім түнмен.
Есерлердің сақтай гөр саяғынан,
Есті тентек жақсы еді сырын білген.
Жасқанамын достан да, дұшпаннан да,
Сескенемін өзеуреп құшқаннан да.
Қара бастың әркім жүр қамын ойлап,
Зәру болдым мұңымды ұққан жанға.
Беу, домбырам!
Кел, қосыл, алаңдама!
Сыр бүгу жоқ жалғанда саған ғана.
Талапайдан кейбіреу байып жатыр,
Талай тарлан іздеп жүр табар пана.
Күннен-күнге қарыштап, үдеулі едім,
Кілт тоқтадым алғандай біреу кегін.
Ел қабағы тезірек ашылса екен,
Сонда күйім түзелер жүдеу менің.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу