Өлеңдер ✍️

  14.06.2022
  153


Автор: Кәкімбек Салықов

АТАҒЫН БЕРСІН ҒАБЕҢНІҢ

(Оңдасын Әшімовке)
Ғабит аға тойында
Оңдасын бізді басқарды.
Динаға құрмет бойында,
Бұлжытқан жоқ жоспарды.
Бәйкеннің ұлы екені
Қимылында үдеп тұр.
Қызылжарда мекені,
Университетте ректор.
Алғыр ұл туар тектіден,
Өмірдің міндет артқаны.
Қуаныш осы деп білем
Әкеге бала тартқаны.
Көліктері күтімді,
Тайбурылдай шабысты.
Әр сөзі берік ұтымды,
Жібермес босқа намысты.
Сүйсініп достар үндемей,
Көтеріп жатыр көңілді.
Шыдамай кетті-ау тіл-көмей,
Алғысым жыр боп төгілді.
Зор тойды көрдік анықтап,
Жолбасшы болдың, Оңдасын.
Не дейін, даңқың шарықтап,
Жолыңды Тәңірім қолдасын!
Тәлімгер, ғалым қашанда
Үздігі болғай әлемнің.
Әкеңдей мығым бас алға,
Атағын берсін Ғабеңнің!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу