Өлеңдер ✍️

  14.06.2022
  75


Автор: Кәкімбек Салықов

ЖҮРЕГІМЕ

Жүрегім, неге асығыс дүрсілдейсің?
Әлде зор қатер барын білсін дейсің.
Тигендей жайдың оғы бұлты жарып,
Әп-сәтте жан ұшырып «ішіп-жейсің».
Тіл қатпай жетегіңде жүрмедім бе,
Ақылды көптеу тыңдап күрмедім бе?
Достармен сауық-сайран құрмадым ба,
Қырандай құмар құсты ілмедім бе?
Асауды жақпады ма үйреткенім,
Арықты аз болды ма күйлі еткенім?
Жалғанда жалғыз жүру жараспас деп
Асығыс есіңде ме үйленткенің?
Көңілге сен жөптемей наз қонды ма,
Іздемес «Жезкиікті» жаз болды ма?
Он жылдай жер астында жорық шегіп,
Сондағы қазған кенім аз болды ма?
Мен сені тыңдамадым қай жасымда,
Күреске түспедім бе шайқасуға?
Немесе атой салып аз жүрдім бе
Аралдың апат шеккен айқасында?
Сан жылдар елді аңсатып алаңдатты,
Сол сәтте ақын досың қалам тартты.
Тым ұзақ шалғай шепке пенде болдым,
Әрине, соның бәрі саған батты.
Ризамын, жарлығыңа көнемін мен,
Қажымас қуат таптым көмегіңнен.
Ақ ниет айтқанымды алғыс деп біл,
Жігер ал жаңа жазған өлеңімнен.
Баптай бер дүрсіліңнің үнін асыл,
Бейсауат оқыс қауіп жуымасын.
Арызым, арманым сол саған айтар –
Қаламым тіршілікте суымасын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу