Өлеңдер ✍️

  14.06.2022
  228


Автор: Кәкімбек Салықов

ҒАРЫШКЕР – ХАЛЫҚ ЖАҚЫНЫ

(Тоқтар Әубәкіровке)
Қазақтан шыққан ғарышкер
Тұңғышы болып топ жарды.
Қызу қанды намыскер,
Ардақтайық Тоқтарды!
«Ерлікке бізде орын көп...»
Толтыра түсер санатын.
Бола берсін жолың деп
Жайғызайық қанатын.
Әне, сонда азамат
Өз өресін өлшетер.
Қажымас, талмас қазанат
Тұлпарлығын көрсетер.
Тұңғыш болу – мектебі
Азаптан туған ғажаптың.
Ерлігі – дастан, ертегі,
Сұңқары Тоқтар қазақтың.
Ғаламдық қонған кең жігер,
Байқады әлем бай қорын.
Өзімсіп қазақ кең жүрер,
Құшағын жайып Байқоңыр.
Өмірі лайық сыйлауға,
Ғарышкер – халық жақыны.
Өз батырын жырлауға
Жалықпас қазақ ақыны.
Тәжірибе бар жол ұстар,
Қолайлысын жинаса:
Гагаринді орыстар,
Сыйлайық, қалай сыйласа.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу