Өлеңдер ✍️

  14.06.2022
  88


Автор: Кәкімбек Салықов

ШЫРҚАШЫ, ҚАЛҚА, ШЫРҚАШЫ!

Шырқашы, қалқа, шырқашы,
Жөнделсін күйім самарқау.
Оянсын көңіл ынтасы,
Тұтансын сөнген жанартау.
Жүзіңе дәлдеп қарайын,
Жұлдыздай естен тандырған.
Шырқашы, ләззат алайын,
Тілегім сол ғой тағдырдан.
Толқысын, келсін бабына,
Балқысын денем, нұр шарпып.
Дертімді батқан жаныма
Әніңмен берші жұмсартып.
Шырқашы өзек жандырып,
Бір күйіп, бірге жанайын.
Қалайын құмар қандырып,
Сүйсінтіп сұлу арайың.
Үніңнен сәуле жияр ем,
Сәскедей көріп іңірді.
Бір мезет үшін қияр ем
Қызыққа тоймас ғұмырды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу