Өлеңдер ✍️

  14.06.2022
  93


Автор: Кәкімбек Салықов

КЕНШІЛІК ПЕН АҚЫНДЫҚ

Кеншіліктен ақындығым нашар ма?
Әлде ақындық кеншіліктен асар ма?
Екі ана,
Екі әке,
Қос жұмыс,
О, табиғат!
Менен жүгің қашар ма?!
Мен дайынмын,
Сен үйе бер қос арба,
Шынымды айтып
Тағы да сыр ашам да.
Мен өлеңге бала жастан ғашықпын,
Кенші болдым өмір жолын ашарда.
Біз дегендер –
Соғыс жылғы балалар,
Көңіл нарқын қас-қабақтан шамалар.
Содан болар, самай ерте күмістеп,
Терең тартты маңдайдағы салалар.
Кейде менің маңдайыма сор бейім,
Кейде өтеді біздің үйде той кейін,
Азаматтық жүгім ауыр болған соң,
Ақындыққа тиіп жүр ғой жол кейін.
Толқып айтсам толғанысты кезімді,
О, туған ел!
Сенсің билер сезімді!
Әкем үшін бір ісіңді тындырып,
Анам үшін жырлап өтем өзіңді!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу