Өлеңдер ✍️

  14.06.2022
  107


Автор: Кәкімбек Салықов

САЛ-СЕРІЛЕР ӨРІСІ

Ән салсаң Қуаттай сал екпіндетіп,
Жүйріктей қашқан аңға еркін жетіп.
Есіңе жастық дәурен бір түседі,
Сұлудай елге оралған төркіндетіп.
Дауысы күндей жылы, айдай ашық,
Шырқауы қандай қызық сайран ашып.
Ақынның «Балқадиша» әнін айтса,
Елестер бала күнгі қайран ғашық.
Ән салсаң Қуаттай сал баптап қарқын,
Алғандай ағын құмнан ақтап алтын.
Осылай әннің сәнін келтіре алсақ,
Қалады жүрегіне сақтап халқым.
Сарыны самал желдей ашық, таза,
Берместей сағынғанда ғашық маза.
Мәдише «Қарқаралы» мұнарланып,
Кетеді-ау кейде жанға батып жаза.
Ән салсаң Қуаттай сал келістіріп,
Сал-сері жеті атасын тегіс біліп.
Аттарың, бабаларым, жатталды ғой
Ұрпақты қаны қызу өріс қылып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу