Өлеңдер ✍️

  14.06.2022
  284


Автор: Кәкімбек Салықов

АҚСЕЛЕУ СЕЙДІМБЕККЕ

Ақселеу, жақсы көрген інім едің,
Жайылды шартарапқа үнің сенің.
Атандың ойлы ғалым, тойлы сері,
Ұлтымның ұйытқысы еді жүрген жерің.
Не жазсаң сүйсіндірді үнің көпті,
Шежірені шегелеуге тілің жетті.
Тарихқа «Дәурен-айды» шырқап кірдің,
Күмбірі күмбездердің ғұмырлы етті.
Тыңдаушы ек әр сөзіңді тына қалып,
Сондайда қанды елдің құмары анық.
Ұлтжанды ұстаздығың ол бір төбе,
Әкелді күй тарихы ғұламалық.
Болған жоқ өнерпаздар аз жаныңда,
Жәнібек, Бекболатпен маздадың да.
Шын білгір, жанашырлық себің тиді
«Тәттімбет» атты дастан жазғанымда.
Сөз етсең түркі тектес далалықты,
Ер мінез көшпенділік дара бітті.
«Ауызша тарихың» – зор ескерткішің,
Даңқыңа қосқан абзал даналықты.
Ешкімге қабақ шытып шетінбедің,
Көрінді нар тұлға боп жетілгенің.
Қазағым «Ахаң» десе, сен шынайы
Ардақты Ахмет аға секілді едің.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу