Өлеңдер ✍️

  14.06.2022
  129


Автор: Кәкімбек Салықов

КӨКШЕТАУ, САҒАН ҚҰМАРМЫН

Көгілдір мұнар жамылған,
Жаралған көк ніл ағыннан,
Есімің, Көкше, ертегі.
Гауһардай көкшіл жайнаған,
Көлдерің көзді байлаған,
Сексені бірдей сал-сері.
Есігін жұмақ күзеткен,
Оқжетпес бойын түзеткен,
Көк ала таудай желкілдеп.
Айнала тауға таяп-ақ,
Жұмбақтас төсін саялап,
Бурабай жатыр мөлтілдеп.
Аққу-қаз шықса айдынға,
Басылар дерт пен қайғың да
Жүрекке «Гәкку» жеткесін.
Біржан мен Ақан орнатты,
Үкілі Ыбырай қолдатты
Көкшеде әннің Меккесін.
Қарағай, қайың аралас,
Көк терек, шырша паналас,
Ішінде марал адасқан.
Жаһанда жердің төресі,
Абылай қонған жер осы –
Хандық пен салдық жарасқан.
Көгілдір тұмар тамсантқан,
Жұпарлы ауаң аңсатқан,
Көкшетау, саған құмармын.
Бір күні ажал қызығып,
Ғұмырым кетсе үзіліп,
Көгеріп қайта шығармын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу