Өлеңдер ✍️

  14.06.2022
  104


Автор: Кәкімбек Салықов

Жақсы көл жасыл жағасы...

Жақсы көл жасыл жағасы,
Суаты алтын құм екен.
Жақсы адамның санасы
Мұраты биік мұң екен.
Мұнартсам таудай жасымнан,
Жаутаңкөз өскен мұңым бар.
Күрсініп өтсем қасыңнан,
Дерті бар жан деп ұғыңдар.
Мал басып, құс қонбайтын
Суатсыз көлдің өңірі.
Қара бас қамын ойлайтын
Есердің жеңіл өмірі.
Сан белестен өтсем де,
Беу, тағдырым, ұға бер:
Өзімді ойлау жоқ менде,
Көкейден кетпес туған ел.
Кейде сараң күлсем де,
Алаңдатқан ауыл ғой.
Сыр бермей үнсіз жүрсем де,
Жүректе жүгім ауыр ғой.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу