Өлеңдер ✍️

  14.06.2022
  211


Автор: Кәкімбек Салықов

АСТАНАДА «БӘЙТЕРЕК»

Тамаша «Бәйтерегі» Астананың,
Айшықты белгісі сол жас қаланың.
Жер шары жатыр сыйып дос құшаққа,
Аспалы бесігіндей жас баланың.
Сарыарқа қылаң етсе жаңа таңы,
Сиқырлап, еріксіз жалт қаратады.
Көрінер бата беріп жайылғандай
Мейірбан аналардың алақаны.
«Бәйтерек» – бәйге төрі өрісімнің,
Жүлдеге алуан түрлі жеміс ілдім.
Ұлтымның рухы бар,
Таңбасы бар
Болашақ бақытым мен жеңісімнің.
Гүл шоғын күн сәулесі өпкен жеңіл,
Не деген мырза мейір көркем өмір?!
Ертеңге қанат жайған сұлу терек,
Сәт ғажап саясында өскен көңіл.
Сыры бар халқым шеккен тер мен шердің,
Қасиетті қазығы осы ел мен жердің.
«Бәйтерек» – бойтұмары Астананың,
Тірегі үміт артып сенгендердің.
Достарым отырғандай гүл ішінде,
«Бәйтерек» көрініс көп түр-түсінде.
Көремін күндіз оны Төлегендей,
Таңдантар Қыз Жібектей түн ішінде.
Таңырқап қарай берем нұрлы асылға,
Армандас болып кетті сырласым да.
Жүректі жыр оятса
Шабыт қозғар
Сұлудай біздің көше тұр басында.
Атағы аңыз болар жер мен көкке,
Мол екен шапағаты берер көпке.
Қызығып тереземнен қарап тұрмын,
Ғашықтар, «Бәйтеректі» көрмей өтпе.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу