Өлеңдер ✍️

  14.06.2022
  108


Автор: Кәкімбек Салықов

Жер төресі – атамекен киелім...

Жер төресі – атамекен киелім,
Жезқазғанды дәл өзіңдей сүйемін.
Ата-баба аруағы дарыған
Ұлытауға ұлындай бас иемін!
Аз тарихты әспеттеймін сөзге үйіп,
Шалғай кетсем, етті тағдыр көз күйік.
Өзіме де қан қақсатып оқ тиген,
Жүрек сырын елге жайса «Жезкиік».
Мәскеу жақта көптеу жүрген шақтарда,
Өлең өрдім ерте тұрып ақ таңда.
Сағынышты сәлемімді арнадым
Еділдетіп құстар елге қайтқанда.
Алыстардан есен жеттім еліме,
Дүбір қостым дербестіктің деміне.
Азаттықтың Мағжан мінез құлымын,
Шын інісі көрер қазақ мені де.
«Әй, кәпір» деп айта алмайды еш пенде,
Тіл табамын кейде сырттай өшпен де.
Соның бәрін айғақ етер өлеңім,
Шабыт селі көкірегімнен өшкенде.
Айтар сырым,
Осы ашық тілегім,
Үшке бөлмей, бір қазақта түледім.
Жүрегімнің лүпілінен естіңдер
Сәкен, Ілияс, Бейімбеттің тілегін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу