Өлеңдер ✍️

  14.06.2022
  122


Автор: Кәкімбек Салықов

АҚ ЖАҢБЫР ЖАУҒАНДА

Сүюші ем өзіңді
Аңсарым ауғанда.
Күн шалып көзіңді,
Ақ жаңбыр жауғанда.
Бір хабар сен жақтан
Көп жылдар жетпейді.
Бал-шырын мен татқан
Есімнен кетпейді.
Көктемде бір жүрген
Жадымда жол ізі.
Қаларын кім білген
Қолымда қол ізі?
Алғашқы сөзіңді
Сақтауға жетікпін.
Қоштасқан кезімде
Ұмытып кетіппін.
Сағыныш үйесің,
Жүрекке от толып.
Кей-кейде тиесің
Кеудеме оқ болып.
Кетеді тіл шығып
Аңсарым ауғанда.
Аспанда күн шығып,
Ақ жаңбыр жауғанда




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу