Өлеңдер ✍️

  14.06.2022
  80


Автор: Кәкімбек Салықов

АЙТҚАНЫМДЫ ОРЫНДА

Басқаша жауап табылса,
Кедергі болман көмейге.
«Қай жерің сенің ауырса,
Сол жерде жаның» демей ме?!
Шындықты айтсам білгенге,
Тұрақты қоныс тілеп пе?
Сағынып сені жүргенде,
Қонады жалғыз жүрекке.
Тарылып кейде кең ғалам,
Ызғарын төксе текке де.
Зіл артардай сен маған,
Кетеді кіріп өкпеге.
Бал іздеген безектеп,
Арадай ынтық гүліне,
Сен қуанған мезетте
Келеді тәбет тіліме.
Сүйгізбесең сонда бір,
Сеземін озбыр қиынды.
Сұйылтады оңбағыр,
Санама жиған миымды.
Ақылың жетсе, сұлуым,
Айтқанымды орында.
Бар шындық осы, білуім:
Шыбын жан сенің қолыңда.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу