Өлеңдер ✍️

  14.06.2022
  88


Автор: Кәкімбек Салықов

СӘУІРДЕГІ КӨКШЕТАУ

Көкшетауды аңсап келіп тапқандай,
Ақша бұлттар ағындайды ақ маңдай.
Елестейді пейіштегі Құлагер
Тау үстімен шауып бара жатқандай.
Ақша бұлттар – желбіреген ақ тулар
Алып келген айналамда шалқу бар.
«Гәккулеткен» дәуір туды сәуірде,
Сексен көлге қонып жатыр аққулар.
Бұлттар келсе басылады тау мұңы,
Ақ жаңбырдың ақ күмістей жауды үні.
Көзге оралды
Жеңіс күнгі ауылда
Жан анамның шашу шашқан жаулығы.
Ақша бұлттар тау үстінде аунаған,
Көктем дертін алып келді сау маған.
Қырқа бойлап бара жатыр қызғалдақ,
Қызыл көйлек киген қыздан аумаған.
Аққу қонса біздің көлге майтабан,
Аңсаған құс аяулыма ән табам.
Ақша бұлттар, жылы жаңбыр төксең де,
Қар жаумаса жарар еді қайтадан...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу