Өлеңдер ✍️

  14.06.2022
  84


Автор: Кәкімбек Салықов

ЭЛЕГИЯ

Түсімде оятқандай таңғы жырым,
Есімде аппақ гүлдей қалды нұрың.
Тамсантты жақсы әуенге әуестігің,
Тұлпарға ере тартқан алғырлығың.
Татқандай бал кәусарын құштарлықтың,
Жаңа әнді шөліркеген құстай жұттың.
Құмары қанбай жүрген сандауғашты
Қолыма Құдай берген құттай күттім.
Аз уақыт өтті-кетті желдендіріп,
Жүрекке құйын салды енген бүлік.
Үмітім үзілмейді бір көруге,
Есен-сау жүргеніңді елден біліп.
Жарқ еткен көк тұманда жарықтайсың,
Алыстан жаңа әнімді дәл ұққайсың.
Білмеймін қай қияда жүргеніңді,
Жабықсам жан баурайтын шабыттайсың.
Табысқан ғайып-қиял лағыл тасым,
Сезіммен шықтай таза табынтасың.
Кетсеңші бір кездесіп, әнге бөлеп,
Досыңды енді қанша сағынтасың?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу