Өлеңдер ✍️

  14.06.2022
  95


Автор: Кәкімбек Салықов

КӨКШЕДЕГІ КЕЗДЕСУ

Көкшетау қарсы алғанда ән-күйменен,
Пәк сезім қандай ғажап жан билеген?!
Туған жер сый-құрметін көріп қайттым,
Анамдай ақ бесікте әлдилеген.
Қарсы алды інілерім, ағаларым,
Әр әннен есті құштар самал-ағын.
Аққудай қарындастар «Гәккулетсе»,
Қыз-шабыт жан талабын жаңаладым.
Күрсінткен өмір жүгі, қайда қалдың,
Сол кеште ойраны көп ойға қандым.
Желбіреп аппақ шашым жыр оқысам,
Қайтадан қайрат-жігер қайрап алдым.
Інілер әнімді айтса гитарлатып,
Домбыра бұлт аунатты ырғай шалқып.
Оркестр сексен көлді мың толқытса,
Бой жаздым сағынышты бір тарқатып.
Қалқаның болып жүрген көркі қайғы,
Иран сал шырқап салды «Бөркің-айды».
Толқыса «Ақ тырналар», «Аққу жеткен»,
Шыбын жан қалай ғана толқымайды?!
Кездестім бірге оқыған дос-жаранмен,
Сахнадан жыр арнадым, оспақ әнмен.
Бетінен Зейнікештің бір сүйгенде,
Балқыдым бал тосқандай тостағанмен.
Ашылса мектептестің кең жүрегі,
Көрінді тіл қатысқан ем тілегі.
Жанары қимай қарап жарқ еткенде,
Мен түгіл, бәйбішем де елжіреді.
Құттықтап жыр төгілткен талабымды,
Нығметжан татымды сөз таба білді.
Мың рет шақырсаң да қайтып келмес
Еріксіз елестетті бала күнді.
Туған ел, сен шақырсаң самғап жеттім,
Бір кеші сан жылға азық, ардақты еттің.
Қайтадан көріскенше күн жақсы деп,
Мың алғыс бәріңізге арнап кеттім.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу