Өлеңдер ✍️

  14.06.2022
  80


Автор: Кәкімбек Салықов

ЮРА АЙТЖАНОВҚА

Әнге ораған өзі көрген дәуірін,
Әкетті ажал інімнің бір тәуірін.
Кербез, биік Оқжетпеске ұқсаған,
Өтті өмірден асқақ дарын бауырым.
Осындайда не келмейді көңілге,
Көрік берді ол сал Көкшедей өңірге.
Евтушенко – ұлы ақыны орыстың,
Досы болып, сайрандасты төрінде.
Не амал бар тура келген ажалға,
Талай-талай тарланды алған тажалға?
Күміс әуен сыңғырымен гитардың,
Юра, есімің қалар мәңгі назарда.
Ел жоғалтты сұлулықтың ғашығын,
Кетті өзіңмен айтылмаған тасып үн.
Топырағың торқа болсын, нар тұлға,
Ақылға бай, арлы азамат, асылым!
Содыр әкем жақтырмаған атыңды,
Буырқанып басын бекер қатырды.
Жыға алмайды, жыға алмады «ақ аю»
Асқақ әнмен өзің құрған шатырды.
Өтті өмірің талай шапқын желіспен,
Таттың жеміс ән әкелген Жеңістен.
Жер бетінде жақсылықты жалғадың,
Берсін Алла мәңгі тұрақ пейіштен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу