Өлеңдер ✍️

  14.06.2022
  84


Автор: Кәкімбек Салықов

ДАНАЛАР СҮЙГЕН ЕСІМДЕР

Орыста Татьянадан есім аспас,
Құдайдың сүйген құлы тегін баспас.
Құмартқан, ынтық, құштар жас жүректің
Өзге есім тап осындай емін таппас.
Мүлтіксіз таза сұлу Анна Керн,
Таңдантты-ау данышпанды кербез керім.
Тамсантып, бір көргенде ғашық етті
Тең бөліп қос жүректің мұң мен шерін.
Қазақта есім аспас Қыз Жібектен,
Сұлу сол ғасырларды дүбірлі еткен.
Теңейміз сүйген жарды Қыз Жібекке
Махаббат майданында ғұмыр шеккен.
Теңселтсек көкіректегі теңіз-сырды,
Әлемде кей есімдер негіз құрды.
Джульетта екі көзге елестесе,
Есіңе бір аласың Шекспирді.
Беу, Пушкин!
Басындасың асыл жолдың,
Ғашықтық әлемінде тасып-толдың.
«Евгений Онегинді» аударып ем,
Мен сенің Татьянаңа ғашық болдым.
Байқатқан қиял-ғайып шың төбесін,
Ұрпаққа сабақ болар бұл кеңесім.
Сағынтып кейде адамды шыдатпайды
Әлемде данышпандар сүйген есім.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу