Өлеңдер ✍️

  14.06.2022
  99


Автор: Кәкімбек Салықов

ҚҰРДАСТАРҒА

Отыз екінші жыл төлі – құрдастарым,
Тірліктегі ең жақын сырластарым.
Мұңдастарым – опаттан олжа болған,
Тірі қалған тірнектер – жылдастарым.
«Егделікке сенің не жабдығың бар?»
Десең, құрдас, ойлы жыр-сандығым бар.
Өз жүгімді өзгеге сүйретпейтін,
Ерте жұтқан әкені тағдырым бар.
Айықпастай көбейткен шешем мұңын,
Жеңіл сөз ғой «Ауыр жыл...» десем бүгін.
Анам шеккен қиямет еске түссе,
Тірі тамұқ сол шығар кешкен күнім.
Аз болғандай қисапсыз бір басқа мұң,
Соғыс келді, ел зары тынбас қалың.
Сиыр жегіп, жер жырттық жалаң аяқ,
Тоғыз жаста сол еді қорғасқаным.
Егін-шөптің соңында сана бітті,
Білмей өстік шалдуар шалалықты.
Құлын күннен қол шалғы сыңғыры мен
Соқа жұтып әкетті балалықты.
Шота, Шерхан, Нұрғожа, Жақсылық бар,
Өңшең арыс шыңдаған тапшылықта ар.
Қаршадайдан малшынтты ел мұңына,
Аштық жылы ел кешкен ғасырлық зар.
Мұң мен шерді іштегі құрықтаған,
Құрдастарым, баспадың бұрыс қадам.
Сапқа іліксек сарқыла күш төгумен,
Тағдыр бізді табиғи сұрыптаған.
Қой бағыстық қол салмай асыққа да,
Болғамыз жоқ «бұзаубас», «жасық» бала.
Қасыққа да ертерек жармасамыз,
Ашқарақпыз жан құштар ғашыққа да.
Алла сақтап қатерден ала жалын,
Ерте үйретті тіршілік бар амалын.
Қай билікке жетсек те ұмытпаймыз
Бөліп жеген интернат қара нанын.
Өмір берген ардақты құрдастарым,
Сендер жайлы таусылмас жыр-дастаным.
Сеңгіріне сексеннің жетіп қалдық,
Тоқсанның да көрейік нұрлы аспанын!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу