Өлеңдер ✍️

  14.06.2022
  295


Автор: Алмат Исәділ

Қыжыл

Қабағы қатулы заманның түрінен,
Жүрегім шайлығып, түңілем.
Күннің де жылуы азайып,
Айым да ақ маңдай -
Көмескі тартқандай:
Мұңымның таппадым біріне ем.
Ей, Уақыт –
Бағымды ап қашқан ұры ма ең?
Тағдырдың ісі ғой –
Несіне кіжінем:
Теңіздер тартылып,
Жұтылып түбіне,
Таулар да күрсінер -
Ғасырлар мүжіген...
Сонда да,
Ішімде қайнайды қыжылым,
Күйреуде адамдық дейтұғын ұлы ұғым.
Сорынан арылтып батпандай,
Тәңірім - Алашқа жақ болғай!
...О, менің қарбалас ғұмырым –
Жасырып қылмыс пен былығын,
Шертиген шенділер жүргізген құзырын.
Ерлерім – тасада бұғынып,
Арулар – шорт кесті бұрымын,
Ертеңім не болар,
Беймаза – бүгінім?
Басымнан бәлекет арылмай,
Бөрідей ұлыдым.
Өзімнің жерімде еркінсіп жүрмедім,
Қолына телміріп, қайдағы кірменің.
Далам да уланып,
Қалам да уланып,
Санам да уланып - кірледім.
Тұранның қойнауы байлыққа тұнса да,
Қызығын білмедім.
Қаралы тарихтың қаншама сүрлеуін
өткеріп,
Шешкенмен азаптың күрмеуін,
Көсіліп жатуға көрпең де жетпейді:
Бір жері жыртылар,
Жамасаң бір жерін.
... Осы ма біз күткен Нұрлы Өмір?..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу