Өлеңдер ✍️

  14.06.2022
  101


Автор: Алмат Исәділ

Бойыма тәтті сезім дәнін еккен

Алып ұшып, шарқ ұрып көңіл жүрдек,
Көп ішінде жүргенде өзіңді іздеп,
Қапелімде қақ тіліп қара түнді,
Көгімнен жұлдыз болып көріндің кеп:
Шерменде жүрек шіркін жырға оранды,
Кеудемде жаңаша бір өмір гүлдеп.
Содан бері көңілге көктем орнап,
Арманым қанат қақты көкке барлап.
Қос жүрекке ортақ бір лүпіл берген,
Тәңірім неткен шебер, неткен ардақ?!
Шын махаббат өмірде болмайды деп,
Жүріппін құр қайғырып, текке «зарлап».
Ару едің жайдары жаны неткен,
Бойыма тәтті сезім дәнін еккен?!
Жанарыңнан тараған жылы сәуле,
Жан, арымның сарайын жарық еткен.
Күлімдеп қасымда сен жүрсең ылғи,
Мен үшін төрт мезгілдің бәрі көктем!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу