14.06.2022
  102


Автор: Алмат Исәділ

Көкжиекке сіңген жол

Тағдыр бізге жасамайды бекер сын,
Алды-артыңды білген жөн.
Мені қайда апарады екенсің,
Көкжиекке сіңген жол?
Көкжиектің ар жағында – арманым,
Бер жағында – үмітім.
Бір жақсылық, бір жамандық – жан-жағым,
Тас төбемде – ұлы күн.
Айналдырған жалғыз өмір – бес күндік,
Оны-дағы аз көріп...
«Өлеңіміз өлтірмейді!» –деп бізді,
Жұбанамыз мәз болып.
Тарамданған тамырындай даламның,
Шақырады жол мені.
Жүріп өткен ізіменен бабамның,
Жүріп өтсем мен де бір.
Жарым көңіл болады екен секемшіл,
Дерегі жоқ күндерден.
Мені қайда апарады екенсің,
Көкжиекке сіңген жол.
Барлық жолдар бастаса ғой бақытқа,
Шашу шашып гүлден мол!
Мені қайда апарасың, асықпа –
Көкжиекке сіңген жол.
Сапарымды бастадым ғой жаңадан,
Жасқанамын мен неден?!
Бәрібір де соңғы аялдамадан,
Басқаларға жол берем.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу