14.06.2022
  931


Автор: Алмат Исәділ

Білім күні

Әлемдегі барша жұрт,
Бас иеді білімге.
Білім күнін қарсы алып,
Қыркүйектің бірінде.

Білім күні, біл мұны –
Ойға сәуле шашады.
Баршамызға бұл күні,
Мектеп есік ашады.

Мектеп – ұя, құт қонған,
Білім нұры тараған.
Ұлағатты ұстаздан,
Сабақ алған бар адам.

Сергіп бойың, ой-санаң,
Үш ай жазда демалып.
Сен келесің қайтадан,
Мектебіңе оралып.

Құлпырады қыр гүлі,
Арайланып таң нұры.
Қауышады бұл күні,
Сыныптастың барлығы.

Ұлан болып үлгілі,
Әлі-ақ өсіп-толады:
Бүлдіршіндер бұл күні,
Мектепке алғаш барады.

Сайрап көңіл бұлбұлы,
Гүлге толып омырау.
Соғылады бұл күні,
Ең алғашқы қоңырау.

Туған Ана тілің де,
Қасиетті дінің де,
Көкейіңе ұялар,
Құштар болсаң білімге.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу