Өлеңдер ✍️

  13.06.2022
  156


Автор: Кәкімбек Салықов

РОМАНС

Көркіңе жетпес тәтті сөз,
Сүйсініп жаным құптайтын.
Бұйырды маған сәтті кез,
Көңіліңді құштар жықпайтын.
Сайма-сай келсе құрметің,
Аз күндік шаттық берілді.
Махаббат жайса індетін,
Сен кеттің аңсап еліңді.
Қос жанар
Бойға нұр құйып,
Ләззатқа қайта бөледі.
Жарқ етсең
Әсем жымиып,
Жүректі нұрың өбеді.
Халімді мүшкіл шын ұғып,
Орнатты шаттық келгенің.
Құлшындым
Қайта шынығып,
Жанымды жақсы емдедің.
Сағыныш билеп шаршаған,
Ашылды біздің қас-қабақ.
Басылды күндер аңсаған,
Оралды өшпес махаббат.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу