Өлеңдер ✍️

  13.06.2022
  146


Автор: Кәкімбек Салықов

БАЙЛЫҚ ЖӘНЕ КЕДЕЙЛІК АРАСЫНДА

Бақытты еді...
Бай болды ел таңданған,
Бұхарада жол тапты дархан арман.
Мыңды сүйсе біріне бас имеді,
Өтті әйелсіз,
Даналық арқандаған.
Зор атағын өлең сөз олқы қылмай,
Рубаилар бекіді төл тұғырдай.
Жүздеп,
Мыңдап ғазелдер сылаң қақты,
Шексіз мұхит тербелген толқынындай.
Білімге де болмады ділгірлігі,
Адамзатпен туыпты шын бірлігі.
Поэма етті «Күн көзі айналасын»,
Жер-жаһанды тамсантып білгірлігі.
Ойласаңшы, не деген ерен мықты,
Байлық өшті...
Патшадан жебеу бітті.
Екі көзін ақынның ойып тастап,
Енді өзін сарайдан қуып шықты.
Әне, сонда бақытты неден күтті?
Бұрынғыдан өр мінез өлең бітті.
Байлықпенен сұм тағдыр қоштастырса,
Жан досындай көріпті кедейлікті.
Білді ұлықтың нақақтан жаласын да,
Ақ пен қара тыймады таласын да.
Дана жыры толассыз толқи берді,
Бақыт орнап кедейлер арасында.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу