Өлеңдер ✍️

  13.06.2022
  92


Автор: Кәкімбек Салықов

РУДАКИДЕН АЛҒАН САБАҚТАР

Мырзалық – адам байлығы,
Мықтылық – асыл айбыны.
Ойшылдық – дарын белгісі,
Кең ақыл басар қайғыны.
Өтірік, өсек табысқан,
Бақастық – кесел жабысқан.
Көкіректі соқыр етеді
Тойтармасаң алыстан.
Осалдың ісі – қорқақтық,
Жалтару – оған зор сақтық.
Арбаға жексең алқынар,
Өгіздей күші торпақтық.
Жабылса ғашық қабағы,
Қоштасу мұңға салады.
Айырылысқанда тіл шықпай,
Сақау боп адам қалады.
Өткен күн қайтып оралмас,
Шеккен мұң ізі жоғалмас.
Анадан қайта туса да,
Мұңсызға бақыт қона алмас.
Құт-береке оралса,
Ұрлық пен тонау жоғалса.
Патшаны сыйлар бүкіл ел,
Адам сүйгіш бола алса.
Ашылсын жылы қабақтар,
Жайылсын ұшқыр қанаттар!
Ізгілік жолын көздейді
Рудакиден алған сабақтар.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу