Өлеңдер ✍️

  13.06.2022
  84


Автор: Кәкімбек Салықов

АСТАНАҒА ОЛ БҮГІН СӘЛЕМ БЕРДІ

(Марат Түсіпбековке)
Марат деген сазгер бар Жезқазғанда,
Ән толқытар әр сөзге шөл қанғанда.
Сұлу саздың суымас нұрлы әуезі –
Жан құмары ол үшін кең жалғанда.
Сарыарқаға сыры мол үні ұнады,
Сылқыл қосты Ұлытау мың бұлағы.
Естілгенде құс қанат сусылдаған,
Шуылдасты Қоскөлдің тың құрағы.
Әндеткендей құлын-тай шұрқырады,
Қашқан киік ақ шаңы бұрқырады.
Сайда тоты талмаурап сайрағанда,
Сағынышын баса алмай гүл жылады.
Інілердің ән жазғыш бәрі ұнаған,
Сапасы бай, сөз емес саны маған.
Жақсыкелді сырнайын сағынғанда,
Маратты іздеп әдейі, тауып алам.
Тірі жанға ізеті жоғалмайды,
Қой аузынан ол әсте шөп алмайды.
Ала қалса, аузына қайта салып,
Күйсеуінен ән таппай оралмайды.
Қызды ауылға баруға тез жетіліп
Жүрген жоқ ол бейсана сендетіліп.
Сұлу бикеш өзі кеп тиіспесе,
Қырындаған Марат деу – шикі өтірік.
Астанаға ол бүгін сәлем берді,
Су жаңа боп сұлу саз мәнерленді.
Жаса, Марат!
Осылай шалқыта бер
Елорда мен ел сүйер әуендерді!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу