Өлеңдер ✍️

  13.06.2022
  100


Автор: Кәкімбек Салықов

ҒАЛЫМДЫҚТЫҢ ДҮЛДҮЛІ

(Мұрат Айтхожинге)
Ақындардың ермегі емес өлеңі,
Ол – көңілдің бір жылт еткен елеңі.
Сүйініш бар, күйініш бар,
Өйткені
Мұңлы өлең – өлеңдіктің тереңі.
Шабыт деген шыдатпайды өкім күш,
Еткізбейді ол ешкімге өтініш.
Құлагердің естігендей өлімін,
Кейде келер көкірек жарған өкініш.
Сол өкініш...
Сенсің, Мұрат бауырым,
Қиял-ғайып түстей өтті дәуірің.
Қаныш аға жалғасындай ірі едің,
Адам үшін тапқан өмір зәруін.
Айды аспанға шығарғандай бір күні,
Жарқ еттің сен, ғалымдықтың дүлдүлі.
Қарапайым Қызылжардың баласы,
Бағың жанып, болдың көпке үлгілі.
Жүйрік аттай
Өрде еркін құйғыттың,
Ел қажетін өтер істі тындырттың.
Қара бұлтты жарып шыққан жұлдыздай,
Болдың иесі Лениндік сыйлықтың.
Нелер келіп,
Не кетпейді көңілден,
Тез басылды жауған құймақ көгімнен.
Жарқ еттің де,
Аққан жұлдыз сияқты,
Тым асығыс өте шықтың өмірден.
Айта-айта өкінішке тоймаймын,
«Әттеген-ай!» дегізетін мол қайғым.
Бүгін, Мұрат,
Соның бәрін құрықтап,
Дұрыстап бір есіме алып тойлаймын.
Тәуелсіздік өр қарқыны жайнаған,
Дәл осы күн келіп қалды сай маған.
Ғадетім сол,
Қарт Алатау бастаса,
Қызылжардың қазаны тез қайнаған.
Ол келеді Есіл-Көкше назы ұнап,
Марапаттау сені болды-ау азырақ.
Атың сенің аталмады дұрыстап,
Өзге тойдан қалғандай-ақ қалжырап.
Келер,
Алда алар елден үлесің,
Құрметтелер Мұрат деген ұлы есім.
Кейде тойың кештеу өтіп жатса да,
Туған елдің жүрегінде жүресің.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу