Өлеңдер ✍️

  13.06.2022
  143


Автор: Кәкімбек Салықов

ТІРШІЛІКТІҢ ШАТТЫҒЫ

Жан едік «сүйдім» деген сөзге берік,
Ұл туса, ұрпақ өсті көз кенеліп.
Қияға қыз ұшқанда өріс таптық,
Кенелдік келін түссе төрге келіп.
Қуандық шаттық көрсек жүлделеніп,
Алыста аты озғанды күндемедік.
Жалғанда көңіл жықпай өтейікші,
Күйініш-сүйінішті бірге көріп.
Тіршілік жоқ екен ғой басқа мәні,
Біршілік бақыт жолын басқарады.
Бұлақтан бастау алса шалқар теңіз,
Отаудан Отан-ана басталады.
Сыйластық, қимастыққа жалықпадық,
Махаббат мәңгі екенін анықтадық.
Сүйікті ата болдық, ана болдық,
Құдағи-құда көріп шарықтадық.
Тілекті жақсылыққа бұра түсіп,
Құлшынсақ келешекке құрақ ұшып;
Жебесін құтты жолды періштелер,
Қайтайық немереге құда түсіп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу