Өлеңдер ✍️

  13.06.2022
  152


Автор: Кәкімбек Салықов

ТУҒАН КҮНДІ ТОЙЛАЙМЫН

Ақтарсақ тарих-ана буған жүгін,
Көрмеді қазақ тойлап туған күнін.
Арналды бәйбішем мен балаларға,
Бастауға бұл қызықты жиған гүлім.
Басылды өзімнің де ұяңдығым,
Кен қазған сәтті болды бұлан күнім.
Үй ішім әлектенді сый тапсырып,
Әйтпесе жұрт көзіне сұранды кім?
Той күні, беу, шөберем, қара жолға,
Қарт атаң бүйірі қызып барады ол да.
Біздің ел биші халық болып алды,
«Бипыл» мен кезектесіп «Қара жорға».
Біз қалай той дегенде жалтарайық,
Табылмас адал тойға айтар айып.
Көре алмай күткен тойын
Өткен достың
Еселеп өкінішін қайтарайық.
Салт туды мерейде бас құрайтұғын,
Адам аз сырттан шолып сынайтұғын.
Тойлаймын туған күнді дос-жаранмен,
Мен кетсем осылар ғой жылайтұғын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу