Өлеңдер ✍️

  13.06.2022
  102


Автор: Кәкімбек Салықов

ЕР МІНЕЗ ІНІМ ЕСЕНГЕ

(Есен Айтбековке)
Інілерім –
Тірегім,
Қартайғанда сенерім,
Өз қатарым азайып, соларға еріп келемін.
Жасампаз берік үлесі,
Жастар – заман иесі,
Олар барда жеңеді әділдік ашық күресі.
Менің ғана емес-ау,
Жастар – ұлттың тірегі.
Алашым деп соғып тұр жастүлектер жүрегі.
Еңбекқор әрі ер мінез,
Есен атты азамат
Інім бар менің, қажымас қайсар қазанат.
Осынау байтақ әлемде
Ол білмейтін бар ма гүл?!
Төрінде отыр нұр шашып алтын келінім Алмагүл.
Шаңырақты жайнатқан,
Бақыт құсын байлатқан,
Құтты болды қадамы Есенге жігер қайратқан.
Ар-намыс біздің Есеннің
Ақ сүтпен ерген досындай,
Ақиқат үшін айқасқа шығады ешбір шошынбай.
Жақсы көрсем Есенді,
Көркейтті жүрген көшемді,
Кішіге жасап қолғабыс, үлкенді сыйлап төселді.
Елуге келген тойыңмен
Құттықтаймын, Есенім!
Ақылға салып ардақта, аға болдың десе кім.
Келешегің зор болсын!
Жеткізер жүзге жол болсын!
Алланың жауып рахматы,
Құт-берекең мол болсын!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу