Өлеңдер ✍️

  13.06.2022
  167


Автор: Кәкімбек Салықов

ҚАРАҒАНДЫ ЖАҢА ТЕАТРЫН КӨРГЕНДЕ

Жырсыз өтпес көрген қазақ ақыны,
Тамаша екен Қарағанды жаңа театры.
Сәкен аға атындағы құтты төр,
Өзіне ұқсас сымбатты екен заты ірі.
Қуанышпен ән шырқайтын жар салып,
Біз қарасақ кең сарайға тамсанып,
Алғыс айтып Нұрсұлтан мен Нұрланға,
Сәкен отыр мұртын сипап қарсы алып.
«Сырты сұлу, іші одан қалмаған», –
Деп сүйсінбес дені түзу бар ма адам?
Әлемде әсем театрлардың дәстүрін
Ғажап екен қазақшалап жалғаған.
Портреттер кең фойеде тізбегі,
Әркім өзінің құмартқанын іздеді.
Күлім қағып Сүртібаев ағамыз
Қарсы алғандай менен көзін үзбеді.
Қара шаңырақ Қарағанды, өзгеден
Көп артықсың ұлттық салттан безбеген.
Қайда барсаң ресторандар сап құрса,
Сен озықсың рухани азық көздеген.
Таңданатын ғаламатқа бір мен бе,
Жан сүйсінді аралап ішін жүргенде.
Бұл заманда Сәкенге арнап салынған
Ескерткіштің үлкені екен білгенге.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу